О.Д. ТАБЫЛДИЕВА
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар
және инжиниринг университеті
Ақтау қаласы, Қазақстан
E-mail: oryngul.tabyldiyeva@yu.edu.kz
Аңдатпа. Мәлік-Айдар Хантемірұлы Қазақстан тарихын зерттеуде лайықты ғылыми үлес қосқан көрнекті ғалым. Академик Мәлік Хантемірұлының ғылыми зерттеулерінің ауқымы жан-жақты болды. Оны ұлттық мамандардың қалыптасуы, өндірістендіру үдерісі, Қазақстанда теміржолдың дамуы мен жұмысшылардың қалыптасуы, тарихи демография, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысындағы кемшін зерттелген тұстары, ұлттық интеллигенцияның тағдыры қызықтырды. Академик М.Х. Асылбеков қазақстандық тарих ғылымында жұмысшы табының қалыптасу тарихы, тұлғатану мәселелері және тарихи демография секілді жаңа ғылыми зерттеу бағыттарының негізін қалады. Қазақстанның тәуелсіздігін жариялағаннан кейін әлеуметтікэкономикалық және саяси өмірінде орын алған түбегейлі өзгерістер республиканың демографиялық ахуалына әсер етпей қоймады. Көп жағдайда бұл үдерістер өтпелі кезеңнің теріс және оң әсерінің көрінісі еді. Нәтижесінде халықтың сандық және сапалық көрсеткіштерінде, олардың территориялық орналасуында және ішкі-сыртқы көші-қон үрдістерінде көрініс тапты. М-А.Х.Асылбеков – Қазақстанның ХІХ-ХХ ғасырлардағы әлеуметтік-экономика-лық және демографиялық даму мәселелері бойынша республикадағы жетекші маман болды. Тарихшы-ғалымның терең білімі және кең көзқарасы Отан тарихының мәселелеріне арналған құнды еңбектер жазуына мүмкіндік берді. Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық мәселелерін тыңғылықты зерттеу нәтижесінде көптеген монографиялар мен кітаптар шығарды. Қазақстанды шикізат көзіне айналдырған жедел индустрияландыру, жұмысшы табының қалыптасуы мен дамуы, оның ішінде өнеркәсіп пен көлікте ұлттық мамандарды даярлаудағы ерекшелік пен сыңаржақтылық жаңа көзқарас негізінде жан-жақты зерттелген, ол өндірістік дамудың көптеген аймақтарда экологиялық ахуалдың нашарлауына ықпалын нақты дәлелдермен көрсетті. Оның жұмыстарында республика өнеркәсібінің бүгінгі таңдағы ахуалы, өтпелі кезеңдегі бой көрсеткен жұмыссыздықтың себеп-салдарлары талданып, ұзаққа созылған әлеуметтік дағдарыстан шығу жолдары туралы ұсыныстар берілген. Академик М.Х. Асылбеков туралы жазылған бұл мақалада оның отандық тарих ғылымына қосқан үлесі мен қоғамдық қызметінің негізгі қырлары қарастырылады. Сонымен бірге, естеліктер, академиктің еңбектері мен басқа да деректер негізінде ғалымның ғылыми және қоғамдық қызметінің негізгі бағыттары сараланады.
Кілт сөздер. Қазақстан тарихы, ұстаз, академик Асылбеков, тарихи демография, тұлғатану, өндірістендіру.
DOI 10.56525/XDOS1567