ЧЕХИЯДАҒЫ ҚАЙТА ӨРЛЕУ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

КОБЛАНОВ Ж. Т.

Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті,

Ақтау қ., Қазақстан

                                                                                                E-mail: zholaman.koblanov@yu.edu.kz

КАРИМСАКОВА Б. А.

Ш. Есенов атындағы Каспий

технологиялар және инжиниринг университеті,

Ақтау қ., Қазақстан

                                                                    Email:baktigul.karimsakova@yu.edu.kz

Аңдатпа. Мақала Чехиядағы қайта өрлеу әдебиетінің маңызын пайымдауға арналған. Чехияда дүниеге келген гуманистік әрекет славян Қайта өрлеу дәуірі тарихында маңызды орынды алады. XV ғасырда гусшілдер әрекеті өрістеп бара жатқан Чехияда папа үстемдігіне өшпенділікпен қарау және тәуелсіздік үшін күрес күшейген еді. Бұл дәуірдегі чех әдебиеті дидактикалық және діни мазмұнда болды. Мемлекеттің экономикалық дамуы қалалардың жағдайын өзгертті. Бұл болса, итальян гуманизмінің кең таралуына мүмкіндік берді. Шет ел үстемдігі мен феодалдық озбырлықтарға қарсы күресте гусшілдер әрекеті үлкен рөл ойнады. Бірақ бұл әрекет діни жамылғыға оранғандықтан отансүйгіштік жырлар да діни рухта болды, олар музыка сүйемелдеуімен орындалды. Гусшілдердің католиктерге қарсы күресі және осы кезеңдегі реформациялық ағымдар Қайта өрлеу дәуіріндегі чех әдебиетінің негізгі ерекшеліктерін белгілей алмайды. Ренессанстың басты белгілері антик қоғам негіздеріне сүйенген дүниежүзілік мәдениет, тән мен жан жетістіктерін бейнелеген, өмір қуаныштарын суреттейтін өнерде айқын көрінеді. Чех гуманизмінің алғашқы даму сатысы Петрарканың Прагада болған (1356) кезеңіне сәйкес келеді. Осы уақыттан бастап итальян поэзиясының «жаңа стиліне» қызығушылық туа бастайды. Сонымен қатар мақалада сол кезеңде чех қоғамында болып жатқан тарихи-саяси оқиғалардың әдебиеттің дамуына да мол ықпалы болғандығы пайымдалады.

Тірек сөздер: эпос, лирика, сахна, драма жанры, чех әдебиеті, эстетика.

DOI 10.56525/ATPE8939