Б.Б. БАЙШОВ
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
Ақтөбе қ., Қазақстан
E-mail: dil_123@mail.ru
Аңдатпа. Бүгінде Қазақстан медиакеңістігінің стейкхолдерлері өнер мен мәдениет мәселесін өте тар мағынасында қабылдап келеді. «Өнер иелері», «өнерлі» тіркестері ән-би, күйге тиісті пайдаланылады. Бұл түбірімен қате. Өнер мен мәдениет ұғымдары бірін-бірі алмастырмайды. Яғни, «мәдениет» пен «өнер» терминдерінің аясы, өрісі екі түрлі. Себебі өнер өзінің тармақтарымен мәдениетке енеді. Біз мақаламызда өнерге жаңашылдық беру арқылы қазақ мәдениетін байыту, алға жылжыту, насихаттау керегін айтып өттік. Ән мен би арқылы емес, білім мен еңбек арқылы өнерге тың жол ашып, еліміздің рухани, экономикалық дамуына ықпал етуін түсіндірдік. Алайда өнер мен мәдениетте ұлттық дәстүрді жаңғырту мәселесі біз ойлағандай жеңіл емес. Жаһандану кезінде мәдени шекаралардың азаюы жаңашылдықты жау көреді. Не істемек керек? Өркениетке өзіндік өнермен ұмтылған дұрыс па әлде консервативті көзқараспен елдің тек тарихи өнерлерін өзгеріссіз жетелеген дұрыс па?!
Әр мемлекеттің рухани және адамгершілік тірегі бар екені айқын. Заманауи Қазақстанның қазіргі сипатын қалыптастыратын жаңа буын өз тірегін ХІХ-ХХ ғасырдағы философия, білім-ғылым өнерін ұлан-ғайыр далаға «даму мотивациясы» ретінде таратқан Абай, Шәкәрім, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты қазақ халқының білімді ұлдары ұсынған «білімді адам – озық ойлы адам» идеясын алып отыр.
Дәстүрдің аты - дәстүр. Онымен келісеміз. Дегенмен бүгінгі медиакеңістікте көрініс беретін теріс тенденциялар, мәселен, еңбек етпей, тер төкпей мол ақша табу, мәнсіз дәстүрлер және тағы да басқа идеялар қазақ қоғамында орнығып бара жатыр. Бұл теріс тенденциялар күннен күнге күш алуда, Себебі көп. Алайда біз тек дәстүр деп, өнердің тынысын ашпай, тапжылмай бір жолда тұрып алсақ, қыңырлықтан басқа ұтарымыз жоқ. Тіпті Азияның шығысында ірі экономикалық секірісті басынан кешірген мемлекеттерде өнерде дәстүр емес, жаңашылдыққа өріс бергенін біліп, нәтижесін көріп тұрсақ та үйреншікті өмір ағысынан өзгеру жолына түсуге ұмтылысымыз әлі де нашар. Бұл үшін алдымен бізге өнерді, оның қоғам тарихындағы орны, дамуға ықпалы туралы біліп алуымыз тиіс.
Яғни, дәстүр мен жаңашылдықтың ара-жігі адамға пайда әкелуінде. Өнерге жаңаша көзқарас дегеніміздің мәнісі осында. Мақалада осы мәселеге шолу жасалады.
Кілт сөздер. Дәстүр, жаңашылдық, өнер, дүниетаным, мәдениет, стейкхолдер, ақпарат.