СУДА ЕРИТІН ПОЛИМЕРЛЕР МЕН ОЛАРДЫҢ ПОЛИКОМПЛЕКСТЕРІНІҢ СУЛЫ ЕРІТІНДІДЕГІ ҚАСИЕТТЕРІ

Бусурманова Аккенже

Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті

СУДА ЕРИТІН ПОЛИМЕРЛЕР МЕН ОЛАРДЫҢ ПОЛИКОМПЛЕКСТЕРІНІҢ СУЛЫ ЕРІТІНДІДЕГІ ҚАСИЕТТЕРІ

Аңдатпа. Қарама-қарсы зарядталған полиэлектролиттердің (карбоксиметилцеллюлозаның натрий тұзы (Na-КМЦ), метилцеллюлоза (MЦ), полиэтиленимин (ПЭИ) және полидиметилдиалиламмоний хлориді (ПДМДААХ), унифлок (УФ)) сулы ортадағы өзара әрекеттесуі вискозиметрия, спектрофотометрия және макроэлекторфорез әдістерінің көмегімен зерттелді. Бұл полиэлектролиттердің өзара әрекеттесуі келтірілген тұтқырлықтың айтарлықтай төмендеуімен (0,1-0,15 дл/г дейін, глобулярлы белоктардың тығыздалған макромолекулаларына тән), оптикалық тығыздықтың жоғарылауымен және электрокинетикалық потенциал белгісінің инверсиясымен жүретіні анықталды. Осының барлығы өзара әрекеттесетін катиондық және анионды полиэлектролиттерден интерполимерлі комплекстердің түзілуін көрсетеді. Суда еритін полиэлектролиттердің және олардың су/ауа бөлу шекарасындағы сулы ерітінділердегі полиэлектролиттік комплекстерінің қасиеттерін зерттеудің тәжірибелік нәтижелері сипатталған және талқыланған. Салыстырмалы түрде қарапайым жүйелерде комплекс түзілу ортаның рН, макромолекулалардың оптикалық, гидродинамикалық, электрохимиялық және басқа қасиеттерінің өзгеруімен қатар жүретіні көрсетілген. Зерттелетін жүйелерде жүйе компоненттерінің өзара әрекеттесуі ортаның рН өзгеруімен қатар жүрмейді, сондықтан осы зерттеген жүйелердегі суда еритін полиэлектролиттердің өзара әрекеттесуі туралы ақпарат вискозиметриялық және спектрофотометриялық титрлеу негізінде, сондай-ақ, макромолекулалардың электрокинетикалық потенциалының өзгеруінен деректер алынды. Электркинетикалық потенциалды зерттеу қарастырылып отырған жүйелерде интерполимерлі комплекстердің түзілуі макромолекулалардың электрокинетикалық потенциалының елеулі өзгерістерімен жүретінін көрсетті. Na-КМЦ, MЦ, УФ сулы ерітінділерінің полидиметилдиалиламмоний хлориді және полиэтилениминмен қоспаларының қасиеттерін зерттеу бастапқы макромолекулаларға қарағанда ықшам құрылымға ие интерполиэлектролиттік кешендердің түзілуін көрсетеді.

Кілт сөздер: полиэлектролиттер; флокуляция; құрылым түзілу; тұрақтылық; интерполимерлік комплекстер; оптикалық тығыздық; полимер.

UDC 544.77

DOI 10.56525/EZAD5576